Galym-Galam: Дина Шәріпова, NU GSPP Ассистент профессоры

“Galym-Galam” айдарындағы келесі қонағымыз — Дина Шәріпова, НУ Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің ассистент профессоры. 2018 жылы Назарбаев Университетіне келгенге дейін доктор Шәріпова ҚХЭҚКИ университетінде жұмыс істеді және Әлеуметтік ғылымдар колледжінің зерттеулер жөніндегі директоры лауазымын атқарды. 2017 – 2019 жылдар аралығында Орталық Азияны зерттеу еуропалық қоғамы кеңесінің мүшесі болды. Оның соңғы жұмыстарының бірі – 2018 жылы Lexington Books баспасында жарияланған «Қазақстанда мемлекеттілікті қалыптастыру: бейресми институттардың сабақтастығы және трансформациясы» атты кітабы. Оның тағы да «Қақтығыстар мен терроризмді зерттеу», «Еуропа мен Азияны зерттеу журналы», «Ұлтшылдық және этникалық саясат», «Орталық Азияға шолу», «Ұлттар журналы» және т.б. ғылыми журналдарда бірқатар жарияланымдары бар.

 

Өзініңіздің біліміңіз бен кәсіби тәжірибеңіз туралы айтып беріңізші

Мен 2013 жылы Блумингтондағы Индиана университетінде саяси ғылымдар докторы дәрежесін алдым. Оқудан кейін ҚХЭҚКИ университетіне, бұрын жұмыс істеген халықаралық қатынастар және өңірлік зерттеулер бөліміне оралдым. Үш жыл бойы әлеуметтік ғылымдар колледжінде зерттеу жөніндегі директор болдым және зерттеу қызметін үйлестірдім. 2017 – 2019 жылдары Орталық Азияны зерттеу еуропалық қоғамы кеңесінің мүшесі болдым. Назарбаев Университетіне 2018 жылы келдім, қазіргі сәтте НУ Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде ассистент-профессормын.

 

Ағымдағы зерттеу жобаңыз туралы айтып беріңізші 

Менің зерттеу қызығушылығым Орталық Азиядағы ұлттық бірегейлік және ұлттық құрылыс мәселелерін, қауіпсіздік, әлеуметтік капитал, азаматтық қоғам және әл-ауқат мәселелерін қамтиды. Қазіргі уақытта бірнеше бірлескен жобалармен, оның ішінде Орталық Азиядағы терроризм мен қауіпсіздікті қоғамның қабылдауын зерделеу жобасы бойынша жұмыс жасап отырмын. Жоба 2018 жылы Қазақстанда, Қырғызстан және Тәжікстанда жүргізілген жалпы ұлттық сауалнама нәтижелеріне негізделген. НУ Жаратылыстану әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебіндегі әріптесім  Данае Базарқұловамен бірге біз аталған Орталық Азия мемлекеттеріндегі лаңкестік әрекеттердің мән-жайын қабылдауға әсер ететін факторларды зерттейміз.

Тағы бір жоба өңірдегі саяси тұрақтылық детерминанттарына арналған. Біз NU GSPP-дегі әріптестерім доктор Колин Нокс және Доктор Симеон Нановскиймен бірге жұмыс жасаймыз. Жақында мен Орталық Азиядағы әлеуметтік капитал мен әл-ауқаттың өзара байланысына зерттеу жүргіздім, онда біз Қазақстанда және басқа да Орталық Азия елдерінде өмірге деген қанағаттану дәрежесіне қандай факторлар әсер ететінін бағалауға тырыстық. Бұл жоба ҚХЭҚКИ университетінің зерттеушілері Алма Күдебаева және Алма Шәріповамен бірлесіп іске асырылды.

 

Зерттеудің негізгі нәтижелері қандай?

Орталық Азиядағы әл-ауқат жөніндегі жобамыздың қорытындысы бойынша біз Қазақстанда адамдар әлеуметтік нормаларды қаншалықты көп ұстанса, соғұрлым олар өмірге риза екенін анықтадық. Бұл  пара алмай, салық төлейтін және қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлейтін адамдар, әлеуметтік нормаларды сақтамағандарға қарағанда, әлдеқайда бақытты дегенді білдіреді. Өмірге қанағаттанушылық деңгейіне әсер ететін басқа факторлар – денсаулықтың жақсы болуы, табыс деңгейінің жоғарылығы және таңдау еркіндігі, сонымен қатар балалар санының көптігі. Бір қызығы, Қырғызстандағы респонденттер үшін маңыздысы – сенім болса, ал Өзбекстанда азаматтық қоғамға қоғамдық қатысу маңызды екен. Деректер көрсеткендей, Орталық Азия қоғамдары көп жағынан бір-біріне ұқсас болғанына қарамастан, әр елде өмірге деген қанағаттану деңгейі бір-бірінен ерекшеленеді. Бұл қызықты мән-жайлар саясаткерлерге халықтың қанағаттанушылық деңгейін арттыруға бағытталған саясатты жасауға және осыған орай күш-жігерін бағыттауға көмектеседі.

Саяси тұрақтылық жөніндегі басқа жобада біз өңірдегі саяси тұрақтылыққа (тұрақсыздыққа) ықпал ететін факторларды қарастырдық. Біз саяси тұрақтылықты басты болжаушының бірі – бейілділіктің орнына бейресми жолдар арқылы материалдық құндылықтарды тарататын көшбасшыға негізделген неопатримониалдық басқару екенін анықтадық. Біз Орталық Азия тұрғысында басқарудың бұл түрі режимнің тұрақтылығына әкелуі мүмкін екенін білдік. Алайда, Қазақстандағы соңғы оқиғалар жағдайды тұрақсыздандыруға қабілетті кейбір триггерлер бар екенін көрсетті. Бұл триггерлерді зерделеу елдегі жағдайды тұрақсыздандыру үшін бетбұрыс жасайтын не екенін түсінуге бағытталған зерттеулердің жаңа саласын ашады. 

Саяси тұрақтылықтың тағы бір болжаушысы – Орталық Азияға тән әлсіз азаматтық қоғам. Біз әлсіз азаматтық қоғамның саяси тұрақтылыққа қалай әсер ететінін білгіміз келеді. Азаматтық қоғам неғұрлым әлсіз болса, Орталық Азиядағы тұрақтылық деңгейі де соғұрлым жоғары болады. Демократиялық режимдердегі азаматтық қоғам мен саяси тұрақтылықтың арақатынасы Орталық Азиядағыдан айрықша екені анық. 

Біз БАҚ-тағы цензураның саяси тұрақтылыққа әсері туралы гипотезаны да сынап көрдік. Біздің моделіміз Орталық Азиядағы БАҚ цензурасы өңірдегі саяси тұрақтылықтың неғұрлым жоғары деңгейіне әкелетінін көрсетті.

Жоба бойынша жұмыс жалғасып жатқандықтан, мен Орталық Азиядағы лаңкестік әрекеттердің мән-жайын аңғаруды анықтайтын факторларды зерттеу нәтижелері туралы толық айта алмаймын. Бірақ жасалған кейбір алдын ала тұжырымдар айтарлықтай қызықты болды. Біз олармен кейінірек бөлісе аламыз.

 

Неліктен сіз НУ-ға қосылуды шештіңіз?

Мен NU GSPP-ға 2018 жылы қосылдым, өйткені зерттеу жүргізу тұрғысынан мектеп пен университет ұсынатын бірегей мүмкіндіктерді көрдім. Біріншіден, мұнда оқытушылық жүктеме ғалымдардың ғылыми жұмысқа баса назар аударуға мүмкіндігі болатындай етіп бөлінетіндігі, бұл өте маңызды. Менің тәжірибем көрсеткендей, НУ – Қазақстандағы оқытушыларға осындай мүмкіндікті ұсына алатын жалғыз университет. Басқа университеттерде оқытушылардың оқытушылық жүктемесі көп, бұл профессорларға белсенді түрде ғылыммен айналысуға мүмкіндік бермейді. Екіншіден, зерттеу грантын жеңіп алу мүмкіндігі бар. Әрине, оны алу үшін көп жұмыс жасау керек, бірақ мұндай мүмкіндіктің болу фактісінің өзі  айтуға тұрарлық жайт. Үшіншіден, ерекше орта, өйткені мұнда NU GSPP-дың өзінде де, басқа мектептерде де көрнекті ғалымдар мен жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Кәсіпқойлық – бұл НУ-дың ұсынатыны, мені де қызықтыратын осы нәрсе. Оның үстіне, университет халықаралық ресурстар дерекқорына, ғылыми мақалалар мен кітаптарға қол жеткізуге мүмкіндік береді, бұл кәсіби даму мен зерттеулерді жүргізу мәселелерінде маңызды рөл атқарады. Жалпы, НУ ғалымдар үшін қолайлы және бірегей ортаны ұсынады. Мұнда жұмыс істей отырып, адамдар кәсіби тұрғыда өсе алады.

 

Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар? 

Мен зерттеумен айналысуды одан әрі жалғастыруды жоспарлап отырмын. Әріптестеріммен бірлесіп жасаған жобамыздың нәтижелерін Palgrave Publishers басылымында жариялаймыз деп үміттенемін. 

Қазіргі уақытта мен Central Asian Survey редакциялық алқасының мүшесімін және осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға ниеттімін. Болашақта  іске асырғым келетін көптеген қызықты идеялар мен жобалар бар. Әріптесім екеуміз бұрын пайдаланылмаған жаңа әдістерді қолдануды, адамдардың мән-жайларды қабылдауы туралы көбірек білу үшін сауалнамалармен тәжірибе жүргізуді жоспарлап отырмыз. Тағы бір жоба АҚШ-та орналасқан талдау орталығы Oxus қоғамымен бірлесіп жүзеге асырылады. Біз Орталық Азияның ғалымдары мен белсенділерін зерттеу әдістері мен бағдарламалық құжаттарды жазуға үйретеміз. Менің ойымша, желіні халықаралық ғалымдармен ғана емес, жергілікті зерттеушілермен де дамыту маңызды.

 

Дереккөз: Nazarbayev University