Мемлекеттік саясат саласындағы докторантура

2017 жылы Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі (ЖМСМ) 4 жылға есептелген Мемлекеттік саясат саласындағы PhD бағдарламасын іске қосты.

Оқу жоспары – PhD Curriculum

Бағдарламаның мақсаттары:

  1. Халықаралық деңгейдегі PhD бағдарламасын ұсыну, қолданбалы мемлекеттік саясатты дамытуға өз үлесін қосатын біліктілігі жоғары үміткерлерді тарту.
  2. Мемлекеттік саясат саласында қолданбалы тәжірибесі бар түлектерді дайындау арқылы Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатын дамытуға үлес қосу.
  3. Білім беру мен зерттеу жүргізудің халықаралық стандарттары бойынша болашақ оқытушыларды дайындау арқылы Қазақстанда жоғары білім беру саласында орнықты дамуды қамтамасыз ету.
  4. Біліктілігі жоғары зерттеушілерді дайындау арқылы Қазақстанның мемлекеттік секторында зерттеу базасын нығайту.
  5. Орталық Азиядағы мемлекеттік саясат саласы тақырыбына арналған ғылыми жұмыстар тізімін докторанттардың/түлектердің басылымдарымен толықтыру.
  6. ЖМСМ-нің зерттеулерімен және ғылыми жұмыстарымен белгілі Мектеп ретінде танымалдығын арттыру.

Оқу бағдарламасы 10 негізгі және 2 таңдаулы курстан, тезис жазудан және PhD біліктілік емтиханынан тұрады. Аталғандар оқудың бастапқы екі жылы ішінде өтілуі қажет. Кейінгі 3-4 жылда диссертация жазылады. 2 таңдаулы курс модулі ЖМСМ магистратура бағдарламалары бойынша бекітілген курстардың тізімінен алынады. Алайда курс нәтижелері мен бағалау стратегиясы магистрлік бағдарламадан өзгеше болады. 4-жылдық докторантура бағдарламасы 240 ECTS-ке сәйкес келеді.

PhD бағдарламасы бойынша оқытылатын курстар мемлекеттік саясат біліктілігі бар студенттерді арнайы курстар мен зерттеу әдістері модульдері арқылы докторлық диссертация жазуға даярлауға бағытталған.

Бағдарламаның 3-ші және 4-ші курсында докторанттар оқытушы ассистенттері болып тағайындалады. Олар ғылыми жетекшілердің басшылығымен болашақ академиялық және ғылыми мансаптары үшін маңызды «оқыту шеберлігін» үйренеді.

ЖМСМ PhD докторантурасы бойынша гранттар ұсынады. Грант оқу ақысын және докторанттың ай сайынғы 150 000 теңгеге тең стипендиясын қамтиды.

Бағдарлама шеңберінде үш айлық халықаралық тағылымдамадан өту қарастырылған. Ол үшін диссертация тақырыбы бойынша шетелдік мекеменің ғылыми-зерттеу тәжірибесі болуы шарт. Халықаралық тағылымдаманың негізгі институты – Сингапурдағы Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебі. Онымен ЖМСМ стратегиялық байланыстар қалыптастырды. Еуропада және Солтүстік Америкада орналасқан басқа мемлекеттік саясат мектептерінде тағылымдамадан өтуге рұқсат етіледі, олардың таңдауын докторанттың ғылыми жетекшісі анықтайды. Үш айлық тағылымдама барысында докторанттар зерттеулер жүргізіп, қабылдаушы университетте өз тақырыптары бойынша семинарлар жүргізе алады және ғылыми мақалаларын халықаралық конференцияларға ұсына алады. Тағылымдама сонымен қатар көптеген шетелдік әдебиеттерге қол жеткізу мүмкіндігін береді.

ЖМСМ PhD докторантурасы бағдарламасының кем дегенде үш артықшылығы бар. Біріншісі Мектептің беделі мен білім берудің жоғары сапасына қатысты. Оның беделін Азия, Солтүстік Америка және Ұлыбританиядағы жетекші мемлекеттік саясат мектептерімен салыстыруға болады. Екіншіден, PhD докторантура бағдарламасын жүргізетін және ғылыми зерттеулерге жетекшілік ететін Мектеп оқытушылары мен зерттеушілері жоғары білікті және бай тәжірибеге ие. Үшіншіден, ЖМСМ-нің Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебімен стратегиялық серіктестігі докторанттарға кең ауқымды байланыстар мен мүмкіндіктер ұсынады.

PhD бағдарламасы бойынша оқу нәтижесінде сіз:

  1. Мемлекеттік саясат пен мемлекеттік басқарудың іргелі мәселелерін шешу үшін теорияларды, әдістер мен білімдерді қолдануда сыни тәсілдерді дамытасыз.
  2. Зерттеу тақырыбының негізгі бағыттары бойынша гипотезалар құру және тексеру арқылы мамандандырылған қолданбалы зерттеулер жүргізесіз.
  3. Мемлекеттік саясат саласындағы деректерді жинап, синтездеп, талдайсыз.
  4. PhD докторантура деңгейіндегі зерттеу тақырыптары бойынша презентация беру арқылы ауызша және жазбаша қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытып, көрсете аласыз.
  5. Орталық Азиядағы мемлекеттік саясат туралы академиялық дискурсты байытасыз.
  6. Академиялық этика және адалдық принциптерін ұстанасыз.
  7. Академиялық және көшбасшылық қабілеттерін дамытып көрсетесіз.

Қосымша ақпарат алу үшін төмендегі форманы толтырыңыз. Сізбен жақын арада хабарласамыз.

Мемлекеттік саясат саласындағы докторантура бағдарламасына түсу талаптары.