Жаңа формациядағы 50 басшы Қазақстанда оқудан өтті

2020 жылдың 14 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы және Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі (ЖМСМ) Ли Куан Ю атындағы Сингапур ұлттық университетінің  мемлекеттік саясат мектебімен әріптестікте жүзеге асырған «Жаңа формациядағы басшы» бағдарламасының ресми онлайн жабылу рәсімі өтті. 

«ЖФБ» бағдарламасына жоғары буынның 50 мемлекеттік қызметшісі:  вице-министрлер, облыс, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ҚР Президенті Әкімшілігінің бөлім басшылары, сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервінің резервистері қатысты.  

Жабылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының ректоры Ерлан Әбіл, Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің деканы Венг Тат Хуэй, Кәсіби даму институтының директоры Маргарита Қадырова, сондай-ақ профессор, Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің академиялық мәселелер жөніндегі деканының орынбасары Колин Нокс қатысты.

«Барлығы 10 модуль, 240 оқыту сабағы болды. Жаттықтырушылар білім траекториясын, оқыту бағыттарын, курс әдістемелерін әзірлеу үшін бірқатар сессиялар өткізді. Оқытудың негізгі мақсаты тыңдаушылардың бойында жаңа формациядағы басшыларға қажетті дағдыларды дамыту еді. Оқудан өткен әрбір тыңдаушы қажетті білімді игеріп, өз әлеуеті мен құзіреттіліктерін одан әрі дамыта алды деп сенемін» – деді Мемлекеттік басқару Академиясының ректоры Ерлан Әбіл.

«Біз тиімді мемлекеттік басқарудың маңызы зор екендігіне кәміл сенеміз және қазақстандықтардың өмірін жақсарту бойынша миссиямызды жүзеге асыруда ілгері жүруіміз үшін Академиямен орнатылған әріптестік аясында берілген мүмкіндікке ризамыз. Қатысушылар сценарлық жоспарлаудағы және перспективалық ойлаудағы жаңа тенденциялармен, мемлекеттік саясатқа қатысты шешімдер қабылдауда  мінез-құлықтық инсайттарды пайдаланумен және бағдарламаларды құруда инновацияларды енгізудің түрлі әдістерімен, мемлекеттік қызметтерді ұсынумен және сіздердің Қазақстан халқына қызмет етулеріңіздің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін басқарумен танысты деп үміттенеміз» – деді Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің деканы Венг Тат Хуэй.

10 апталық курс барысында тыңдаушылар негізгі қызметтерінен қол үзбей, «Жаһандық көзқарас», «Тиімді коммуникациялар» және «Трансформациялық көшбасшылық» сынды құзіреттіліктердің үш негізгі бағыты бойынша әлеуеттерін арттырып, білім көкжиектерін кеңейтті. Онлайн платформалардың кең мүмкіндіктері сабақтарды стратегиялық сессиялардан, интерактивті пікірталастардан, тренингтерден бастап кейс-стади және шағын топтардағы жұмыстарға дейінгі түрлі форматтарда өткізуге ықпал етті.

Онлайн оқыту барысында мемлекеттік қызметшілер басқару технологиялары, саясатты әзірлеу өнері мен ғылымы, сценарлық жоспарлау, дизайн-ойлау, эмоционалдық интеллект және көшбасшылық, коучинг және менторлық көмек, дағдарыстық коммуникация бойынша курстардан өтті. 

Сабақтарды жетекші отандық бизнес-жаттықтырушылар және Мемлекеттік басқару Академиясының коучтары өткізді, олардың арасында ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының ректоры Ерлан Әбіл, CREATA консалтингтік компаниясының директоры Давид Туганов, ICU Қазақстандағы, Орта Азиядағы және БАӘ-дегі өкілдігі орталығының басшысы, мастер-коуч Ғалия Бағдат, «Ника» шешендік өнер орталығының жетекшісі Меруерт Жүнісбек, журналист, теле- және радио жүргізушісі Махаббат Есен, шешендік өнер және коммуникациялар жөніндегі жаттықтырушы Жанна Ибраева болды. Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі атынан НУ ЖМСМ вице-декандары Колин Нокс пен Рикардо Пелицо, НУ ЖМСМ ассистент профессоры Ифтикхар Лодхи, сондай-ақ Сингапур мен Гонконгтан шақырылған профессорлар: Ли Куан Ю атындағы Сингапур ұлттық университетінің Мемлекеттік саясат мектебінен келген Басскаран Наир және Эдриан Куа, Гонконг ғылым және технологиялар университетінен келген Дональд Лоу тренерлер ретінде қатысты. 

Курс тренері Жанна Ибраеваның айтуынша, жоғары білімді, өмірлік және басқарушылық тәжірибесі бар мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа оқу бағдарламасын әзірлеу үлкен еңбекті қажет етті. Әсіресе, сыртқы орта қарқынды өзгерістерге ұшырап жатқанда бұл оңай болмады. Мемлекетке топтың мүшесіне айнала алатын, стандартты емес жағдайларда тез шешім қабылдай білетін, таптаурындар шеңберінен шыға алатын басшылар қажет.

 «Сыни ойлау, креативтілік, шығармашылық қабілеттер және қойылған міндеттерді орындаудағы стандартты емес, креативті тәсілдеме бұл – мемлекеттік реформаларды табысты жүзеге асырудың бір шарты»деп атап өтті тренер. 

Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің Академиялық мәселелер жөніндегі вице-деканы Колин Нокс екі жарым айға созылған онлайн курс барысында академиктер мен практиктер арасында академиялық қызмет саласында жаңа идеяларды жүзеге асыруға және мемлекеттік секторда халықаралық реформалар мен инновацияларды жалғастыруға ықпал ететін үшжақты пікірталас туындағанын атап өтті.

Үй тапсырмаларын орындау барысында топтар бір-бірін, курс тренерлерін де таңқалдырып, шабыттандыруға тырысты. Онлайн оқыту барысында тыңдаушылар креативтілік танытып, тавтограмма түрінде өлең жазудан бастап, сабақ туралы өз ойларын рэп мәнерінде жеткізуге дейін ерекшелене алды, онлайн іс-шара соңында бұлардың барлығы курс қонақтары мен тренерлеріне көрсетілді.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов: «Барлық ұйымдастырушыларға және жаттықтырушыларға зор алғысымды білдіремін! Бұл біздің көкжиегімізді кеңейтуге, жаңа құралдарға ие болуымызға мүмкіндік берген керемет жоба болды. Ең бастысы бұл – бізді лайықты адамдар мен өз Отанын шынайы сүйетін жандар қоршап жүргендігінің кезекті бір дәлелі! Барлығына сәттілік пен табыс тілеймін! Біздің жетістіктеріміз – бұл біздің еліміздің жетістіктеріне қосылған үлес!» – деп өз эмоцияларымен және оқудан алған әсерімен бөлісті.      

Сондай-ақ, Президенттік жастар кадр резервінің резервисті,  «QAZEXPOCONGRESS» Ұлттық компаниясы АҚ Ұйымдастырушылық-кадр жұмысы департаментінің директоры Маркен Ахметов те оқудан алған әсерімен бөлісті: «Қызықты өткен 10 апта барысында біз жетекші отандық және шетелдік мамандармен бірге бірегей курстан өттік, бұл курс біздің өз-өзімізге үңілуімізге, дұрыс пайдалана алған жағдайда мемлекеттік басқару жүйесін қайта іске қосуға негіз бола алатын сапалы инсайттар алуымызға мүмкіндік берді. Ұсынылған тақырыптардың әрқайсысы терең зерделеуді қажет ететін іргелі пәнді танытатындықтан, егжей-тегжейлі қарастыруды талап етеді. Қазірдің өзінде біз игерген құралдарымызды өзіміздің күнделікті қызметімізде қолданудамыз».

Саяси қызметшілерге арналған «Жаңа формациядағы басшы» оқу бағдарламасының онлайн жабылуының соңында Академия ректоры Ерлан Әбіл тыңдаушылардың кейінгі еңбек қызметтеріне табыс тілеп, олардың біліктілікті арттыру курстарынан өткендіктерін растайтын электрондық сертификаттарын табыс етті.

«Жаңа формациядағы басшы» бағдарламасын алғаш рет Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жариялаған еді. Нұрсұлтан Назарбаев НУ ЖМСМ-не  Мемлекеттік басқару Академиясымен бірлесе отырып, саяси басқарушылар мен мемлекеттік қызметшілер үшін тренингтер өткізуге тапсырма берді. 

Анықтама үшін:

Жоғары мемлекеттік саясат мектебі (ЖМСМ). Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің (ЖМСМ) миссиясы адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында мамандар мен көшбасшыларды түбегейлі мемлекеттік саясат пен тиімді басқаруды түсіну мен жүзеге асыруға оқыту болып табылады. 2012 жылы ашылған сәттен бастап ЖМСМ Сингапур Ұлттық университетінің «Ли Куан Ю» мемлекеттік саясат мектебімен сенімді стратегиялық әріптестікті қолдап келеді. ЖМСМ бағдарламалары мемлекеттік саясат саласындағы магистратураны, мемлекеттік басқару саласындағы магистратураны және, мемлекеттік саясат саласындағы докторантураны қамтиды. 2019 жылы НУ ЖМСМ Мемлекеттік және муниципалды басқару саласындағы бағдарламаларды аккредиттеу бойынша Еуропалық қауымдастықтың (EAPAA) ресми аккредиттеуінен өтті. www.gspp.nu.edu.kz

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 2005 жылы 31 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарғысымен мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру және оларды даярлау/қайта даярлау мақсатында құрылған. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы – мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлау және біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ерекше мәртебеге ие жоғары оқу орны. www.apa.kz