Назарбаев Университетінде басқару шешімдерін қалыптастыруға бағытталған «Policy Challenge 2022» сайысы өтті
Үстіміздегі жылдың 14 мамырында Назарбаев Университетінде НУ Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің (NU GSPP), Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, КАЗГЮУ және «Болашақ» қауымдастығының студенттері мен түлектері арасында Policy Challenge 2022 сайысы өтті.
Бұл іс-шара NU GSPP түлектері қауымдастығының бастамасымен ұйымдастырылды. Сайыс NU GSPP, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб және Назарбаев Университеті түлектері қауымдастығының қолдауымен өткізілді. Сондай-ақ тәлімгер ретінде қатысқан Президенттік жастар кадрлық резерві өкілдерінің де іс-шараға қосқан үлесі зор.
Сайыстың қазылар алқасының мүшелері ретінде Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Жан Франсуа Марто, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі Әлтаир Ахметов, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб басқарушысының орынбасары Мақсұт Өтешев, Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің профессорлары Риккардо Пелиццо және Ифтихар Лодхи, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қолданбалы зерттеулер институтының директоры Айгүл Көшербаева тартылды.
Турнир барысында топтар Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын зерделеді. Финалға шыққан 6 топ тұжырымдамада қойылған мақсаттарға талдау жасап, оларға жету жолдарын жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындады. Турнир қорытындысы бойынша VIVENDI (NU GSPP және КАЗГЮУ) тобы жеңіске жетті.
Ә.Ахметов мемлекеттік саясат мәселелерін шешуде академиялық және тәжірибелік көзқарастың маңыздылығын атап өтіп, іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Ж.-Ф. Марто Қазақстандағы мемлекеттік саясатты жетілдіру мақсатында түлектердің даусын естуге мүмкіндік беретін турнир ұйымдастыру идеясына оң баға берді. Сондай-ақ ол Үкімет тарапынан мемлекеттік жоспарлау жүйесінде маңызды стратегиялық құжаттар қабылданғанын және ең қиыны – осы бағдарламаларды жүзеге асыру екенін, сол себепті мүдделі тараптардың пікірін есту маңыздыдығын атап көрсетті.
М.Өтешев мемлекеттік саясат пен мемлекеттік басқару ғылымдарына кезінде жеткіліксіз көңіл бөлінгенін, дегенмен, соңғы жылдары оларға қызығушылық артқанын атап өтті. Және осы қызығушылықтың артуы Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасының әзірленуінен байқалатынын айтты.
Жеңімпаз топтың талдау нәтижелері Астана хабының Мемлекеттік қызмет реформасы мен тәжірибесі атты халықаралық журналында жарияланады деп күтілуде. Сондай-ақ, турнир жеңімпаздары үшін ҚР мемлекеттік органдарында және Ұлттық жобалардың іске асырылуын мониторингтеу офисінде тағылымдамадан өту қарастырылған.
Policy Challenge 2022 жастарды басқарушылық шешімдерді қалыптастыру ісіне тартуға арналған платформа. Осы бастама негізінде сайыстар жыл сайын өткізіледі деп күтілуде.