МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ЕКІНШІ ЛЕГІ ЖАҢА ФОРМАЦИЯ БАСШЫСЫ БАҒДАРЛАМАСЫН ТӘМАМДАДЫ
2021 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы және Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі (ЖМСМ) Ли Куан Ю атындағы Сингапур ұлттық университетінің мемлекеттік саясат мектебімен әріптестікте жүзеге асырған «Жаңа формация басшысы» (ЖФБ) бағдарламасының екінші легінің ресми онлайн жабылу рәсімі өтті.
2021 жылдың 19 сәуірі мен 17 шілдесі аралығында өткен білім беру бағдарламасы барысында тыңдаушылар негізгі қызметтерінен қол үзбей өздерінің әлеуеттерін арттырып, білім көкжиегін кеңейтті. Бұл білімді олар үш негізгі бағыт бойынша 9 жобада көрсетуге тырысты: «Азаматтардың әл-ауқаты»,«Институттардың сапасы » және «Қуатты экономика ». Бұл жылы ЖФБ бағдарламасына жоғары буынның 76 мемлекеттік қызметшісі қатысты: орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары, сондай-ақ бұл ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары.
Қатысушыларды оқу бағдарламасының сәтті аяқталуымен ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі Альтаир Ахметов, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің деканы Венг Тат Хуэй және Ұлттық мемлекеттік саясат мектебінің директоры Марта Әбдіхалықова құттықтады.
«Сіздер осы бағдарлама барысында алған білімдеріңізді күнделікті тәжірибеңізде стратегиялық жоспарлау мен тиімді шешім қабылдауда қолдана аласыз деп үміттенеміз. Тек қолданбалы білім ғана адам өмірін өзгерте алады. Мен жас кезімде де бір ережені білдім: «Ойшылдар ойлайды, ал орындаушылар әрекет етеді. Алайда, ойшылдар әрекет етпейінше және орындаушылар ойланбайынша, прогресс шешен сөйлеушілердің сөздік қорындағы тағы бір сөз болып қала береді». Басқаша айтқанда, Қазақстан Республикасы халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатында прогресс биліктің барлық деңгейлерінде ойлануды да, іс-әрекетті де қажет етеді», – деді Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің деканы Венг Тат Хуэй.
Саяси қызметшілерге арналған «Жаңа формация басшысы» оқу бағдарламасының онлайн жабылуының соңында Академия ректоры Ерлан Әбіл тыңдаушылардың кейінгі еңбек қызметтеріне табыс тілеп, олардың біліктілікті арттыру курстарынан өткендіктерін растайтын электрондық сертификаттарын табыс етті.