Темірлан Нұрмолдаев, MPP 2 курс студенті: «Студенттік алмасу бағдарламасына қатысу мені тек ұлттық шекаралармен оқшауланбай, бұрын байқамаған жаңа белестерді бағындыруға итермеледі»
MPP 2 курс студенттері Темірлан Нұрмолдаев пен Жібек Жазықбаева Кореяның KDI мемлекеттік саясат және менеджмент мектебінде алмасу бағдарламасы бойынша оқып шықты. Темірлан оқудан алған әсерімен бөлісті.
Бағдарлама сізге не берді? Оған қатысу арқылы қандай мақсаттарды көздедіңіз?
Бұл мен үшін алмасу бағдарламасына қатысудың алғашқы тәжірибем болды. Кореяға барып, дәрістерге қатысудың сәті түспесе де, бағдарламаға жалпы көңілім толды. Қатысуға өтініш бергенде, екі мақсатты көздедім. Біріншіден, өзімді толық халықаралық ортада сынап көргім келді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік студенттер мен оқытушылар арасында өзімді көру, интернационалдықпен нәрленген ғылыми пікірталастарға қатысу, студенттермен білім және тәжірибе алмасу арқылы интеллектуалды даму қызықтырды. Екіншіден, мен өзімді мәдени байытуға бел будым. Тек корей мәдениетімен ғана емес, халықаралық студенттер арқылы көптеген өзге елдердің мәдениетімен де танысуды қызық көрдім. Елдің өзімен, оның ірі экономикалық держава ретіндегі жетістіктерімен, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен танысқым келді. Тағы бір себеп, Корея дүкендерін аралап, анам мен сүйікті қызыма сыйлықтар алғым келді. Дегенмен, ковид барлық тілектердің орындалуына кедергі жасап, соңында корейлік көкжиектерді Алматыдағы бір бөлмелі пәтерімде отырып бағындырдым.
Бағдарламаның қай жағы аса ұнады?
Бағдарлама академиялық тарапынан бірқалыпты және сәтті өтті – бұл тәжірибемнің маған ең ұнаған жағы. Профессорлардың, студенттердің, оқытушылардың жылы қабылдауының арқасында біз (Жібекпен бірге) жергілікті жағдайларға тез бейімделе алдық. Оқу басында шетелдік студенттермен ағылшын тілінде сөйлесуде ыңғайсыздық болғанмен, ол тез арада таралып, оқу үрдісінен толық қанағат алдық. Профессорлардың кәсіби жетістіктерін аса атап өткім келеді, олардың көпшілігі әлемнің беделді университеттерінің түлектері және олар аса ауыр емес, сонымен бірге өте тиімді оқыту әдістерін қолданды. Қызықты пікірталастар, симуляциялар мен ойындар көптеген жаңа пайдалы ақпарат беріп, есте сақтауға көмектесті. Қазір мен Назарбаев Университетіндегі магистратуралық оқуымды жалғастырып, соңғы семестрде бағдарламадан алған білімдерімді бөлісуге тырысамын. Онлайн оқыту форматы мен бейтаныс ортаға қарамастан, профессорлардың сабақ беру әдістерінің арқасында біз семестр бойы оқу үдерісінен қол үзген жоқпыз, лекцияға белсене қатыстық.
Оқу үрдісінің әкімшілік ұйымдастыру жағын атап өткен жөн. Корея университетінің студенттермен жұмыс жөніндегі департаменті тарапынан кез келген сұрақтар бойынша бізге дер кезінде көмек көрсетілді. Сонымен, біз пәндерге тіркелуде, пәндердің электрондық жүйесіне қол жеткізуде (НУ-дағы Moodle платформасының аналогы), тапсырмаларды жүктеуде және басқа да көптеген сұраулар бойынша білікті көмек алдық. Болашақ студенттерге берер кеңесім – Қазақстан мен Корей уақыты арасындағы үш сағаттық айырмашылықты үнемі ескеру қажет (мүмкін, болашақта оффлайн оқу кезінде бұл аспект өзектілігін жоғалтар). Қашықтан оқуда, егер сіз киборг болмасаңыз, KST сағат 9.00 немесе 19.00-ден бастап сабақ алуға кеңес бермес едім 😀
Алмасу бағдарламасының онлайн режимінде оқытылуына байланысты қиындықтар болды ма?
Қашықтықтан оқыту форматына қарамастан, біз университет қауымдастығымен сәтті араласа алдық. Жалпы, Кореядағы алмасу бағдарламасы – таныстар санын кеңейтуге және сол арқылы әлеуметтік капиталды байытуға жақсы мүмкіндік береді. Профессорлардың қызықты әрі тартымды дәрістерді ұйымдастырудағы ерекше тәсілі сізді жалықтырмайды, сонымен қатар халықаралық ортаға тез үйреніп, пайдалы байланыстар алуға мүмкіндік береді. Бұл жерде көптеген курстастарымды кездестірдім, олардың кейбірімен күні бүгінге дейін араласып тұрамын. Ерекше белсенді студенттер үшін өзін профессор көмекшісі ретінде сынап көру мүмкіндігі бар. Бұл, менің ойымша, көшбасшылық қабілеттеріңізді көрсетуге және танытуға тағы бір керемет мүмкіндік береді.
Өкінішке орай, Кореяны мәдени жағынан толық тани алмадым. Елге өзім барғанда, сапардың әсері мен пайдасы, әрине, әлдеқайда көп болар еді. Дегенмен, шетелдік оқытушылармен және студенттермен қарым-қатынас жасаудың тәжірибесі аз болса да, мен үшін көп қырлы, көпұлтты әлемді білу мен түсінудегі бірден бір жолы болды. Бұл тәжірибе маған ұлттық ауқымда терең тамырланған ойлау қабілетімді өзгертуге мүмкіндік берді және мені бүкіл әлем ауқымында жаһандық ойлауға итермеледі. Мәселен, мен кәсіби бәсекеге қабілеттіліктің біздің елімізде ғана емес, жаһандық деңгейде маңыздылығын түсіндім. Әртүрлі елдерден келген студенттермен қарым-қатынас мемлекеттер мен оларды мекендейтін адамдардың бір-бірінен қалай ерекшеленетінін, сондай-ақ қаншалықты ұқсас екенімізді түсінуге мүмкіндік берді. Мұндай ортадағы қарым-қатынас өзімнің деңгейім (кәсіби білім, дағдылар немесе тіпті ағылшын тілін меңгеру болсын) өзгелерден қаншалықты алыс немесе жақын екенін түсінуге көмектесті. Бұл мені тек ұлттық шекаралармен оқшауланбай, бұрын байқамаған жаңа белестерді бағындыруға итермеледі.
Жаңадан келген студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?
Осы тектес бағдарламаға қатысыңыз дегім келеді. Бұл бағдарламаға қатысу арқылы әркім өз пайдасын табатынына сенімдімін. Бұл көптеген болашақ саясаткерлердің, зерттеушілердің, сарапшылардың және Қазақстанның дамуында маңызды рөл атқаратын адамдардың кәсіби мансабындағы маңызды кезең бола алатынына сенімдімін. Дегенмен, қатысу арқылы сіз өзіңізді ғана емес, университет пен мемлекеттің бет-бейнесін көрсетесіз деп әрқашан есте ұстаған жөн.
Қорытындылай келе не қосқыңыз келеді?
Қорытындылай келе, Назарбаев Университетіне, NU GSPP-ге, осы бағдарламаға қатысқан барлық адамдарға алғысымды білдіргім келеді. Бізге қолдау көрсетіп, бүкіл процесті тамаша басқарған Мадина Куванышеваға, визалық және басқа да техникалық мәселелер бойынша көмектескен Карина Халиловаға, бағдарлама үйлестірушісі профессор Питер Хоуиге, академиялық мәселелер жөніндегі деканның орынбасары, профессор Колин Ноксқа, Мектебіміздің деканы доктор Венг Хуэйге үлкен рахмет айтқым келеді. Сонымен бірге Университеттің тіркеу кеңсесінің, халықаралық ынтымақтастық департаментінің, Бурсарлар кеңсесінің қызметкерлеріне және ректордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Лоретта О’Доннелл ханымға – біздің осы бағдарламаға қатысуымызды мақұлдағандарды үшін алғысымды білдіргім келеді.