Профессор А. Бұрханов Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясына қатысты
Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің қауымдастырылған профессоры Азиз Бұрханов Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясының жұмысына қатысты. Ассамблея сессиясы Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан қоғамның барлық саласы батыл өзгерістер жолына түскенін атап өтті. Осыған байланысты Конституцияға елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін толықтырулар енгізу туралы бастама көтерілгенін айтты.
Президент Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан екеніне тағы да тоқталып, оны қарқынды түрде өзгеріп жатқан әлемде ұлттық бірегейлігімізді нығайтудың жолы, – деп атап өтті. Ол, сонымен қатар, диалог мәдениетін қалыптастыру және қоғамда өзара түсіністік пен сенімді нығайту қажет екеніне арнайы тоқталды.
Мемлекет басшысы төзбеушілік пен «өзіміз және өзгелер» деп бөлінудің кез келген көрінісінің қатаң түрде жолын кесуге шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы өзінің бірлігін сақтауға, нығайтуға тиіс. Тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана Жаңа Қазақстанды құра аламыз деп есептейді.
Доктор Бұрхановтың ғылыми қызығушылықтарына ұлтшылдық пен сәйкестік теориялары, ұлттық бірегейлік саясаты, сонымен қатар посткеңестік мемлекеттердегі сәйкестік саясаты мен оны қабылдау тәжірибесі кіреді. Ол – «Қазақстанның ұлттық бірегейлігін қалыптастыру саясаты: Кеңес мұрасы, мемлекеттік күш-жігер және қоғамдық реакциялар» (Корнелл халықаралық құқық журналы, 2017), «Қазақстандағы азаматтық және этникалық ұлтшылдықтардың детерминанттары: төмен деңгейдегі дәлелдер» (Ұлтшылдық және этникалық саясат, 2017), және «Қазақтардың Қытайға, қытайлықтарға және қытай көші-қоныуына көзқарасы» (Этникалық және нәсілдік зерттеулер, 2016) секілді мақалалардың авторы.