Орталық Азиядағы әл-ауқатты бағалауға не әсер етеді?
Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің ассистент-профессоры Дина Шәріпова және КИМЭП университетінің ассистент-профессорлары Алма Шәріпова мен Алма Күдебаева «Орталық Азиядағы әлеуметтік капитал және әл-ауқаттың субъективті бағалауы» тақырыбы бойынша зерттеу жұмысын жасады. Аталған жұмыс Орталық Азияның үш елінде – Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда – әлеуметтік капиталдың адамдардың әл-ауқатқа тиісті көзқарасына қалай әсер ететінін зерттеді.
Дүниежүзілік құндылықтар сауалнамасы (World Values Survey, WVS) мәліметтеріне сенетін болсақ, Орталық Азия өңірінде өміріне қанағаттанатын адамдар саны бойынша Өзбекстан көш бастап тұр, ал Қазақстан мен Қырғызстан одан кейінгі орындарды алады. Бұл факт халықтың өзінің әл-ауқатын бағалау ЖІӨ өсімімен байланысты емес екенін көрсетеді. Және бұл саладағы соңғы зерттеулердің нәтижелері де осыны дәлелдейді. Қазіргі таңда көптеген экономистер мен саясаттанушылар халықтың қанағат сезіміне тағы қандай факторлар әсер ететінін түсінуге тырысады. Бұл халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін үкімет неге көбірек назар аудару керек екенін айқындайды.
Зерттеу жұмысының авторлары әл-ауқатты қабылдауға әлеуметтік капиталдың әртүрлі аспектілері мысалы, сенім, әлеуметтік нормалар, басқалармен байланыс немесе нетворкинг әсер етуі мүмкін дейді. Бұл аспектілердің ықпалын елдердің
әлеуметтік-мәдени айырмашылықтары мен ұлттық және экономикалық дамуының әртүрлі деңгейлері призмасы арқылы анықтауға болады. Орталық Азия елдері бір өңірге жатады, ортақ тарихқа, мысалы, кеңестік мұраға ие, сондай-ақ олардың мәдениеттері де ұқсас. Тәуелсіздік алғаннан кейін, Қырғызстанда салыстырмалы ашық қоғам қалыптасты, ал Қазақстан мен Өзбекстанда салыстырмалы жабық саяси жүйелер қалыптасқан. Экономикалық даму тұрғысынан Қазақстан мен Қырғызстан нарықтық экономика жолына түссе, Өзбекстанда соңғы уақытқа дейін экономика мемлекет тарапынан реттеліп келді. Бұл контекстік айырмашылықтарды түсіну маңызды, себебі олар әлеуметтік капиталдың адамдардың өз әл-ауқатын қабылдау ықпалына әсер етеді.
Зерттеу нәтижелері Қазақстанда әлеуметтік нормалар неғұрлым жиі ұстанса, соғұрлым өмірге қанағаттанушылық өсетінін көрсетті. Сонымен қатар, жоғары табыс, таңдау еркіндігі, мықты денсаулық және көпбалалы отбасы секілді басқа да факторлардың Қазақстанда маңызы зор. Қырғызстан бойынша нәтижелер Қазақстанға ұқсас, дегенмен кейбір айырмашылықтары да бар. Мысалы, авторлардың пайымдауынша, сенім Қырғызстандағы өмірге қанағаттанудың маңызды көрсеткіші болып табылады. Өзбекстанда қоғамдық өмірге қатысу әл-ауқаттың субъективті бағасына көбірек әсер етеді, онда адамдар әртүрлі қоғамдық ұйымдардың мүшелері болса, өздерін бақыттырақ сезінеді.
Зерттеу нәтижелерімен толығырақ мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.
Дина Шәріпова – Назарбаев университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі
Ассистент профессоры. Саясаттану ғылымдарының докторы дәрежесін 2013 жылы алды. Дина Шәріпова КИМЭП Университетінің халықаралық қатынастар және аймақтық зерттеулер факультетінде жұмыс істеді. 2016 жылы доктор Шәріпова Әлеуметтік ғылымдар колледжінің ғылыми-зерттеу директоры болып тағайындалды. Доктор Шәріпованың ғылыми қызығушылық саласы келесі тақараптарды қамтиды: Орталық Азиядағы өзін–өзі тану, әлеуметтік капитал, формалды және бейресми институттар, мемлекеттіліктің қалыптасуы.
Қазіргі уақытта Дина Орталық Азия мен Еуропа ғалымдарының арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту мақсатында 1995 жылы құрылған ұйымының Орталық Азияны зерттеудің Еуропалық қоғамы Кеңесінің мүшесі болып табылады. Оның соңғы еңбектерінің бірі – 2018 жылы Lexington Books баспасынан шыққан «Қазақстандағы мемлекеттіліктің қалыптасуы: бейресми институттардың сабақтастығы және қайта құрылуы» кітабы. Сонымен қатар, «Ұлтшылдық және этникалық саясат», «Орталық Азияға шолу», «Орталық Азия оқиғалары», «Ұлттар туралы құжат» және т.б. сияқты ғылыми журналдарда бірқатар мақалалары жарияланған.