Жаңалықтар

НУ ЖМСМ қауымдастырылған профессоры Дина Шариповаға Ш. Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлық табысталды

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес қауымдастырылған профессор Дина Шарипова ғылымға қосқан елеулі үлесі үшін мемлекеттік сыйлықпен марапатталды.

13 ақпанда Алматы қаласында ғылым мен жоғары білім саласының көрнекті өкілдерін марапаттау рәсімі өтті. Дина Шариповаға гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік зерттеу үшін Ш. Уәлиханов атындағы сыйлық табысталды. Сыйлық «Changing Well-Being in Central Asia: Evidence from Kazakhstan and Kyrgyzstan» атты зерттеу жұмысы үшін берілді.

Марапаттарды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ахылбек Күрішбаев және вице-министр Гүлзат Көбенова табыстады.

Зерттеу 2011–2018 жылдар аралығында Қазақстан мен Қырғызстандағы субъективті әл-ауқат деңгейінің өзгерістерін талдайды және экономикалық өсімнің өз алдына өмірге қанағаттанушылықтың артуына кепіл бола алмайтынын көрсетеді. Нәтижелер азаматтық белсенділік, әлеуметтік бірлік және жеке өмірін бақылау сезімі сияқты материалдық емес факторлардың маңыздылығын айқындайды.

Университет қауымдастығы Дина Шарипованы лайықты марапатымен шын жүректен құттықтап, Қазақстан ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді және алдағы уақытта жаңа ғылыми жетістіктер тілейді.