Жаңалықтар

NU SDSN Орталығы SDG Nexus желісі жобасының аясында DAAD қаржыландыруын алды

Бес жылдық жоба ТДМ арасындағы күрделі байланыстарды және олардың тұрақты даму үшін салдарын зерттеуге бағытталған.

Назарбаев Университетіндегі Тұрақты даму бойынша шешімдер желісі (SDSN) орталығы Юстус Либих университетінің (Гиссен, Германия) Халықаралық даму және экологиялық зерттеулер орталығымен (ZEU) бірлесіп SDG Nexus Network жобасын жүзеге асыруды бастады. Бұл жоба DAAD бағдарламасының «Тұрақты дамуға арналған ынтымақтастық пен жоғары білімнің сапасы – Exceed» атты қаржылық қолдауының арқасында іске асырылып отыр. Бұл бесжылдық жоба Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) арасындағы күрделі байланыстарды және олардың тұрақты даму үшін салдарын зерттеуге бағытталған. Назарбаев Университеті Латын Америкасы, Орталық Азия және Германияның 6 негізгі серіктес университеттерімен бірлесе отырып зерттеулер жүргізу мақсатында тікелей қаржыландыру алады.

Жоба 2020-2024 жылдар аралығында бірінші кезеңін сәтті аяқтап, 2025-2029 жылдары екінші кезеңде өз нәтижелерін нығайтуды жоспарлап отыр. Германия, Колумбия, Эквадор, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан серіктестерінен тұратын SDGnexus желісі климаттың өзгеруі, биоәртүрлілік, тиімді басқару және гендерлік аспектілер тұрғысынан жерді тиімді пайдалану мен су ресурстарына ерекше назар аудара отырып, ТДМ арасындағы байланыстарды тығыз зерттейді. Жоба жас зерттеушілердің жаңа буынын дамыту мен біріктіруге ерекше көңіл бөледі. Жалпы, жобаның екінші кезеңі ТДМ бойынша пәнаралық зерттеулер мен білім алмасу арқылы тұрақты даму мәселелерімен айналысатын мамандар мен институттардың желісін нығайтуға бағытталады.

Аталмыш грант – Назарбаев Университеті мен Юстус Либих университеті арасындағы 2022 жылы басталған және 2024 жылдың басында екі университет арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қоюмен жалғасқан табысты ынтымақтастықтың нәтижесі. Содан бері университеттер оқытушылардың өзара академиялық алмасуына, зерттеушілердің бірлескен жобалар мен конференциялар өткізуіне септігін тигізуде. Қазақстан тарапынан жобаның жетекшісі – Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің Қауымдастырылған профессоры және SDSN-ның төрағасы д-р Серік Оразғалиев. Қазіргі уақытта жоба бойынша зерттеушілер тобы құрылуда. Осы мақсатта постдокторантура және докторантура бойынша ғылыми қызметкерлерге арналған бос жұмыс орындары жарияланды. Толығырақ ақпаратты мына жерден білуге болады.

Анықтама үшін: Қазақстанның Тұрақты даму шешімдері желісі (SDSN) Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде 2022 жылдың маусымында құрылған БҰҰ-ның SDSN ұлттық бөлімшесі болып табылады. SDSN – 2012 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы тұрақты даму мәселелерін шешу және Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) іске асыруды қолдау үшін ғылыми және технологиялық білімді жұмылдыру мақсатында құрылған жаһандық ұйым. Қазіргі уақытта SDSN Қазақстан елдегі 24 жетекші университеттер мен зерттеу орталықтарын біріктіреді. Бұл желі тұрақты даму шешімдерін ілгерілетуге, ТДМ бойынша білім беру және зерттеу ынтымақтастығын қолдауға және Қазақстандағы тұрақты даму саясатына ғылымға негізделген ұсыныстар беруді көздейді. Желінің негізгі зерттеу тақырыптары: таза энергетика және климат; білім беру және әріптестік; су, жер ресурстары және қауымдастықтар. SDSN Қазақстан туралы толығырақ ақпаратты https://sdsnkz.nu.edu.kz/ сайтынан біле аласыз.