Жаңалықтар

НУ ЖМСМ студенттері Сингапурдың мемлекеттік басқару мен саясат тәжірибесін зерделеді

Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебі (ЖМСМ) 2025 жылғы 14–25 шілде аралығында «Мемлекеттік саясат магистрі (MPP)» және «Мемлекеттік басқару магистрі (MPA)» бағдарламаларының студенттері үшін Сингапур компонентін ұйымдастырды.

Бағдарлама ЖМСМ-нің стратегиялық серіктесі — Сингапур Ұлттық университетінің Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебімен (LKYSPP) бірлесіп өткізілді. Биылғы жылы бағдарламаға барлығы 89 студент қатысты: 48 MPP және 41 MPA бағдарламасының магистранттары.
Сингапур компоненті студенттерге Сингапурдың мемлекеттік басқару және саясат қалыптастыру тәжірибесін терең зерттеуге мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында экономикалық даму, қалалық жоспарлау, әлеуметтік қорғау, су ресурстарын басқару, цифрландыру және мемлекеттік секторды трансформациялау сияқты өзекті бағыттар қамтылды.

Екі апта бойы студенттер Дональд Лоу, Яакоб Ибрахим, Пол Бартер, Джоэлль Фонг, Нг Кок Хоэ, Лена Чан және Леонг Чинг сияқты беделді сарапшылар мен оқытушылардың дәрістеріне және пікірталастарына қатысты. Сабақтар Сингапурдың экономикалық даму тарихы, мемлекеттік басқарудағы цифрландыру, тұрғын үй саясаты мен әлеуметтік теңсіздік, сондай-ақ жасанды интеллектіні денсаулық сақтау саласында қолдану сияқты тақырыптарды қамтыды.
Бағдарлама барысында студенттер тәжірибелік сапарларға да қатысты. Олар Тұрғын үй және даму кеңесінің галереясында (HDB Gallery), Қалалық қайта жоспарлау басқармасында (URA), PUB — Сингапурдың Ұлттық су агенттігінде, сондай-ақ Пунггол цифрлық ауданында (Punggol Digital District) болып, мемлекеттік саясаттың практикалық іске асырылуымен танысты.

Бағдарламаның қорытынды кезеңінде студенттер топтық презентациялар жасап, Сингапур тәжірибесін Қазақстан жағдайында қолдану мүмкіндіктері жөнінде ой бөлісті.

Сингапур компоненті MPP және MPA бағдарламаларының қорытынды жобасының (capstone) маңызды бөлігі болып табылады. Ол студенттердің теориялық білімдерін нақты тәжірибемен ұштастыруына және тиімді мемлекеттік басқару қағидаттарын терең түсінуіне ықпал етеді. Бұл тәжірибе студенттердің аналитикалық қабілеттерін дамытып, оларды Қазақстандағы мемлекеттік сектордың болашақ көшбасшылары ретінде қалыптастыруға септігін тигізеді.