Steppe: Су мәселесі. Қазақстанда және Орталық Азиядағы су қауіпсіздігі туралы

Стефанос Ксенариос су ресурстары мен климаттың өзгеруі саласындағы мамандық бойынша экономист-эколог, Назарбаев Университетіне сабақ береді. Стефанос Ксенариос доктор дәрежесін алған соң Халықаралық су ресурстарын басқару басқармасында (IWMI) маман ретінде Индия мен Эфиопияда 3 жыл жұмыс істеді. Ол Оңтүстік Азияда климаттың өзгеруі мен ауылшаруашылығы саласында Норвегияның био-экономика институтының (НБЭИ) базасында зерттеулер жүргізді, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бюросы маңында Тәжікстанда сумен жабдықтау және энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша бөлім бастығы болып жұмыс істеді.

Стефанос Ксенариос Орталық Азиядағы су ресурстары саласындағы зерттеулердің (CAJWR) бас редакторы, сондай-ақ су ресурстарының статистикасы мен экономикасы бойынша халықаралық топтың мүшесі.

Steppe редакциясы сарапшымен Қазақстан мен Орталық Азиядағы су қауіпсіздігі мәселелерін талқылады.

 

Су қауіпсіздігі дегеніміз не?

Стефанос Ксенариос

 

Су қауіпсіздігі тұжырымдамасы әлі кеңінен танымал емес. Су қауіпсіздігін әркім әрқалай түсінеді. Көбісі су қауіпсіздігін ұлт игілігімен байланыстырады, басқалары оны су ресурстарын қорғаумен не судың сапасымен байланысты деп түсінеді. Шындығында, су қауіпсіздігі туралы жалпы анықтама бар, және ол айтылған бар түсініктемелерді топтастырады.

Орталық Азиядағы судың қауіпсіздігі өңірде қанша су қалды деген сұраққа жауабымен байланысты. Ал Қазақстан үшін су қауіпсіздігі елге қанша су келіп түседі деген сұрақпен байланысты. Елге судың жартысынан көбісі не жуығы сырт жақтан келеді. Демек, судың қауіпсіздігі елге қанша мөлшерде қандай сапада су келетінін анықтайды. Су тапшылығына келсек, Сырдарияның жағдайы алаңдатарлықтай.

 

Қазақстан мен Орталық Азиядағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде не алаңдатады?

Ағыстың жоғарғы жағынан келетін су аз, сондықтан қуаншылық ел үшін үлкен мәселеге айналуда. Бұл негізінен Қырғызстанға тиесілі, себебі Қазақстанның Әмудариядан алатын суы аз, ел негізінен Сырдарияның суын пайдаланады.

Қытайдан келетін судың көлемі мен сапасына қатысты да сұрақтар бар. Өйткені, біз білетіндей, Қытайда тері өңдеу зауыттарымен айналысатын бірнеше кәсіпорын, өнеркәсіп секторларының жұмысы судың сапасына кері әсер етеді.

 

Бұл Қазақстанның ел ішіндегі су қауіпсіздігі үшін жауапкершілігінде үлесі жоқ дегенді білдірмейді. Қазақстан да өз су ресурстарын басқаруға бел буы тиіс. Дегенмен, мәселенің басым бөлігі Қазақстаннан тыс жерлерден келетін суға байланысты екені де рас.

 

Елде сумен қамтамасыз етуде қиындықтар бар. Әлі күнге дейін, ауыл шаруашылығында суды тиімсіз пайдаланудың мәселелері басым. Ауылшаруашылыққа пайдаланылатын су Орталық Азиядағы негізгі үлесті (85%-дан астам) алады. Яғни суды пайдалану мәселесін көтергенде, негізінен ауыл шаруашылығында қолданған суды айтамыз. Қазақстанда өнеркәсіпте пайдаланылатын су шамамен 35% құрайды, және біз Орталық Азиядағы өнеркәсіптік суды пайдаланатын жалғыз елбіз.

Басқа елдердің барлығы суды ауылшаруашылығында суару үшін пайдаланады. Қазақстанға басқа елдерден келетін су негізінен ирригацияға немесе Қырғызстандағы гидроэнергетика саласында пайдаланылады. Су мәселесі оның қолжетімділігінде емес. Мәселе елдердің суды қалай және қашан ұстап қалып, қайта жіберетініне байланысты. Мәселен, Қырғызстан жазда суды ұстап қалады, өйткені ол гидроэнергетикаға арналған судың қуатын арттыру үшін су қорын жинайды. Ал қыста суды төменге ағызып, су электр қуатын өндіруге пайдаланады. Қазақстан үшін гидроэнергетика аса маңызды емес. Қазақстан су бөгеттерін салып, оны жинайды, себебі мал шаруашылығына, егін шаруашылығына су қоймалары керек.

 

Жағдай алаңдатарлық болғанмен, суды ауыл шаруашылығында сауатты және тиімді пайдаланып, сапасын жақсартудың жолдары бар.

 

Қазақстанның трансшекаралық бассейндері өзен-көлдердің тайыздану проблемасымен қалай байланысты?

Қазақстанда сегіз бассейннің алтауы трансшекаралық болып табылады. Қалған екеуі құрғақ, оларда су көп емес. Су саясатын реттеудің қолданыстағы тетіктерін кеңейту үшін неғұрлым байыпты күш-жігер қажет. Біз Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде сауалнама жүргізіп, су саласы мамандарының көпшілігі жаңа институтты қалайтынын түсіндік, өйткені олардың қазіргі жұмыс істеп тұрғандарына көңілі толмайды. Қазіргі уақытта тиімді механизмдер аз немесе мүлдем жоқ.

 

Суға қатысты қақтығыс мүмкін бе?

Менің ойымша, бұл екіталай. Бірақ Қырғызстан мен Өзбекстанда суды бөлуде мәселе бар. Қырғызстан мен Тәжікстанда шағын су қоймасына қатысты мәселе көтерілгенін естідім.

Дегенмен, Қырғызстан үшін де, Өзбекстан үшін де жалпы келісімдерді қайта қарастыру қажет. Соңғы келісім 1990 жылдары жасалған. 70 жыл бұрын жасалған келісімдер бар, олардың өзектілігі түсуде.

Біздегі келісімдердің көбісі консультативті сиппатта, міндетті келісімдер жетіспейді. Қолда бар міндетті келісім 1998 жылы жасалған. Қырғызстан оған қатыспайды, өйткені келісім бойынша Қырғызстанға Сырдарияның 1% ғана беріледі, ал өзеннің шамамен 50% Қырғызстан жерінен өтеді. Бұл саясатты қайта қарастыру қажет.

 

Көрші мемлекеттер аумағынан өзен ағынының азаю қаупі бар ма?

Өзен ағынының азаюы елдердің гидроэнергетикаға қажетті судың бір мөлшерін ұстап қалуынан болып отыр. Қытайда егін суару үшін де су көп пайдаланылады. Мәселені климаттың өзгеруі және жауын-шашынды басқару арқылы шешуге болады. Мұздықтардан келетін су азаюда. Мұздықтардың еруі, азаюы қалыпты жағдай. Орталық Азияда гидрология және оның мониторингі толық зерттелмеген.

 

Су ресурстарының шектеулілігі мен халық санының көбеуі арасында байланыс бар ма?

Халық санының көбеуі Орталық Азияға тән мәселе емес. Орталық Азияда халық саны Оңтүстік Азиядағыдай: Үндістан, Бангладеш, Индонезиядағыдай көп емес. Адам басына шаққандағы судың күнделікті тұтынуы шамамен 100-150 литр. Бұл көрсеткіш Еуропа, АҚШ-та әлдеқайда жоғары. Орталық Азиядағы судың тұтынуы негізінен ауыл шаруашылығына тиесілі. Өйткені өңірде ауыл шаруашылығы кеңінен дамыған. Дегенмен суды тұтынудың басқару жағы нашар. Мәселе халық санында емес, су саясатының реттелуінде.

 

Су үшін мемлекетаралық қақтығысты болдырмау үшін не істеу керек?

 

Су құнды болуға тиіс. Оның құны жоғары болса, халық оны жоғары бағалар еді. Мысалы, қазіргі кезде ауыл шаруашылығында су тегін беріліп құнынан айырылды. Суару шығыны қайтарым бермейді. Оған номиналды баға төленеді. Неліктен? Өйткені ауыл шаруашылығында үлкен табыс жоқ. Бұл басқа сұрақ.

 

Судың бағасы өте төмен, дегенмен су тапшылығына ұрынамыз деп ойламаймын. Сонымен қатар, жер асты суларының қоры да бар. Алайда олар әлі толық зерттелмеген. Оларды пайдалану жолдары туралы көп зерттеулер бар. Қазақстан көрші елдермен су саясатына қатысты өзіне тиімдірек тұрғыдан келіссөздер жүргізуі қажет.

Орталық Азия суларына қатысты жаңа зерттеулер қажет. Өңірде су мамандары өте аз. Өкінішке орай, көптеген мамандар Қазақстанда жұмыс істемейді. Еңбек ақысының төмендігінен, жұмыс мүмкіндіктерінің аздығынан көбісі елден кетеді.

 

Су мәселесі климаттың өзгеруімен қалай байланысты?

Климат өзгеруінің мәселесі Қазақстан үшін соншалықты сезімтал емес. Мемлекет өзендердің жоғары беткейінде орналасқан елдермен келіссөздер жүргізіп, олардың қаншалықты су жіберетініне назар аударуы керек.

Ал экстремалды ауа-райының жағдайына келетін болсақ, бұл мәселе әрқашан болды, болады да. Қазіргі кездегі климаттың өзгеруі экстремалды ауа райы оқиғаларының жиілігін арттырады, бұл қалыпты жағдай. Олар елде дағдарыс тудыратындай шектен шығатын жағдайлар емес, және оларға алдын-ала дайындалу әбден мүмкін.

 

Судың қандай баламалы көздері бар және олар қаншалықты тиімді?

Жер асты сулары тереңірек зерттелуі тиіс. Оларды суару құралы деп қарастырған дұрыс емес, өйткені бұл өте құнды су. Елдің батыс аймағына келетін болсақ, суды тұщыландыру әдістеріне оралу үшін Каспий теңізіндегі жер асты суларын қайта қарастыруға кеңес берер едім.

 

Табиғатты реттеудің қандай құралдарын Қазақстан мен Орталық Азияда қолдануға болады?

Субсидиялар немесе озық технологиялар сияқты дәстүрлі әлеуметтік-экономикалық құралдарды пайдалану керек. Су ресурстарын реттеу өте маңызды. Реттеу жүргізуде көп нәрсе жетіспейді, институттар әлсіз және олардың беделі төмен. Мысалы, Балқаш-Алакөл өзен бассейнін басқару бойынша комитетінің құзыреті консультативтік сипатпен шектеледі, олардың қолынан келетіні аз.

Сонымен қатар, бассейндік ұйымдарға экономикалық және техникалық тұрғыдан қадағалау құзіретін беру қажет. Олардың гидрологиялық бақылау жүргізетін мүмкіндіктері көбірек болуы тиіс. Бұл ретте су электр станциясынан тікелей деректердің жиналғаны жөн.

 

Судың ластануы суды реттеуге қалай кедергі келтіреді?

Қазақстандағы судың бар-жоқтығынан оның ластануы көбірек алаңдатады. Бұл – проблема және солай болып қала бермек. Себебі көптеген салаларда, әсіресе тау-кен өндіру және карьерлерді қазу ісінде суды шикізат ретінде немесе соңғы өнімді сұйылту үшін пайдаланады. Қолданылған су қайтадан өзендерге жіберіледі, ал ластанған суды сүзіп, қалпына келтіру өте қиын. Сондықтан климаттың өзгеруінен, судың қолжетімділігінен және басқалар мәселелерден гөрі судың сапасы, менің ойымша, маңыздырақ, өйткені бұл су үймізге жетеді.

Судың бастапқы сапасын қалпына келтіру үшін көп қаражат қажет. Оның бағасы тым жоғары. Суға қатысты сақтық шараларын қабылдау үшін өндіріс орындарға қатаң ережелер қолданылуы қажет. Басқа елдер су қауіпсіздігін жақсы реттей алатын болса, біз де солай істей аламыз.

 

Жалпы, Қазақстанда су мәселесі өршіп тұрған мәселе емес. Қазақстан – экономикалық қуатты мемлекет және оның даму әлеуеті зор. Осындай мүмкіндіктермен жағдайды жақсарту әбден мүмкін.

 

Мақала Steppe басылымында жарияланған болатын.